Колумбиядағы ұшақ апаты: борттағы оқ-дәрілер жарылғаны айтылды

Колумбияның Пуэрто-Легуисамо қаласында әскери ұшақ апатқа ұшырап, кемінде 66 адам қаза тапты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Caracol Radio радиостанциясының дерегінше, бортта жалпы 128 әскери қызметкер болған. Олардың 58-і – Ұлттық армияның, алтауы – Колумбия Әуе күштерінің, екеуі – Ұлттық полицияның сарбаздары. Қазір құтқарушылар үйінділер арасынан қаза тапқандардың денесін іздестіріп жатыр.

Әуе күштерінің қолбасшысы, генерал Карлос Фернандо Сильва Руэданың айтуынша, C-130 Hercules ұшағы Пуэрто-Легуисамодан Пуэрто-Асис қаласына бағыт алған. Пуэрто-Легуисамода Колумбияның Әскери-теңіз күштерінің базасы орналасқандықтан, әскери бөлімдер оқиға орнына тез жетіп, зардап шеккендерге көмек көрсетті.

«Біз жаралыларды тасымалдау үшін 50 зембіл сиятын Колумбия Әуе күштерінің санитарлық ұшағын жібердік. Оның артынан 24 зембілі бар тағы бір ұшақ аттанады», – деді ол.

Жараланған әскери қызметкерлер Нейва, Флоренсия және Богота қалаларындағы ауруханаларға жеткізіліп жатыр.

Елдің Қорғаныс министрі Педро Санчес ұшақтың техникалық жағдайы жақсы болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, әуе кемесі ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай, аэродромнан шамамен бір жарым шақырым жерге құлаған. Сырттан ешқандай шабуыл белгілері жоқ. Министрдің айтуынша, ұшақтағы өрт салдарынан әскерилер тасымалдаған оқ-дәрілердің бір бөлігі жарылған.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика