Тоқаев ғылым туралы: «Толайым табысқа жеттік деп айтудан аулақпын»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми қауымдастықпен кездесуде отандық ғылымның жетістіктерін асыра бағалаудан аулақ екенін, бірақ шешімін күткен мәселелер көп екенін мойындады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен жиында Мемлекет басшысы әлемде технологиялық үстемдік үшін қызу күрес жүріп жатқанын, сондықтан Қазақстанның бұл бәсекеден қалмауы керегін атап өтті. Ол цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – өзінің президенттік мақсаттарының бірі екенін жеткізді.

«Кейінгі бес жылда ғылым саласына салынған инвестиция көлемі алты еседен асты. Елімізде зерттеу университеттері көбеюде, олардың нақты өндіріспен байланысы нығайып жатыр. Үкіметтің мәліметі бойынша, қазір 200-ден аса коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» экожүйесі біртіндеп пайда болып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа Конституция аясында ғылымды дамыту енді Үкіметтің жұмыс бағыты ғана емес, мемлекеттің тікелей конституциялық міндетіне айналғанын еске салды. Оның айтуынша, елімізде 27 мыңнан астам ғалым еңбек етеді және олардың жартысына жуығы 40 жасқа толмаған жастар екені қуантады.

«Мен қазақ ғылымының келешегіне үмітпен қараймын. Әйтсе де халықаралық тәжірибемен жете таныс адам ретінде отандық ғылымның қазіргі жай-күйін асыра бағалаудан, «толайым табысқа жетті» деп айтудан аулақпын. Дегенмен ғылымды дамыту үшін бізде инфрақұрылым да, адами әлеует те бар. Ашығын айтқанда, шешімін күткен мәселе шаш етектен», – деді Президент.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика