Курчатовтың мәртебесі өзгереді: Тоқаев жаңа стратегияны жариялады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ғылымды негізге алған арнайы аумақтар құру стратегиялық мақсат екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының айтуынша, ғылым қалашықтары мен қарқынды дамитын қалалар инвестиция мен жаңа технологияларды тартатын орталыққа айналуы керек. Осы мақсатта арнайы тұжырымдама қабылданып, мықты ғылыми-технологиялық парктерді құру қолға алынған.

«Менің тапсырмам бойынша Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру жұмысы басталып кетті. Парламент осындай қалашықтардың құқықтық мәртебесін және қаржыландыру тетіктерін айқындайтын заң жобасын қарап жатыр. Ғылымды арқау еткен аумақтар құру – біздің стратегиялық басымдыққа ие мақсатымыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа Конституция аясында Alatau City сияқты қарқынды дамитын қалалар үшін арнайы құқықтық режим бекітілгенін еске салды. Ол бұл жобаның жоғары технологиялар саласындағы инвесторлар үшін тартымды болатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар, Тоқаев мемлекеттің өңірлердегі ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Осыған байланысты әкімдерге ғылыми-технологиялық саясатты жүргізу бойынша қосымша құзырет берілген.

«Қазақстанның ертеңі қандай болатыны, инновациялық және озық елге айналу мүмкіндігі сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жасаған еңбектеріңіз бен ашқан ғылыми жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Күш-жігер біріктіріп, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми, технологиялық орталықтардың біріне айналдыра аламыз. Мен бұған сенімдімін», – деді Президент ғылыми-академиялық қоғамдастыққа арнаған сөзінде.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика