Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина әлемдік рейтингте жаңа белеске көтеріліп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол Индиан-Уэллс қаласында өткен WTA-1000 турнирінің қорытындысы бойынша жұптық сында әлемнің төртінші ракеткасы атанды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Осы турнирге дейін Данилина рейтингте алтыншы орында тұрған еді. Финалға шығуының арқасында ол 6895 ұпай жинап, өз карьерасындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Анна Данилина сербиялық теннисші Александра Круничпен бірге беделді турнирдің финалына дейін жеткен болатын. Ақтық сында олар жарыс фавориттері саналған америкалық Тейлор Таунсенд пен чехиялық Катерина Синякова жұбына есе жіберді.
Тартысты өткен кездесу 1 сағат 35 минутқа созылып, 6:7 (4:7), 4:6 есебімен аяқталды.
Фото: Әлеуметтік желіден
