Қаскелең қаласындағы қоғамдық моншалардың бірінде 27 жастағы қызметкердің 13 жасар баланы соққыға жығуына қатысты оқиға күтпеген жалғас тапты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл туралы жәбірленуші баланың анасы Threads әлеуметтік желісінде жазды. Оның айтуынша, ұлы ешкімге тиіспеген, ал Заманбек Қазбеков есімді монша қызметкері мас болып, өзін орынсыз ұстаған.
Бастапқыда учаскелік полиция қызметкері кінәлі азаматқа қатысты «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша хаттама толтырған. Бұл бап бойынша ең ауыр жаза – 15 тәулікке қамау. Алайда баланың анасы мұнымен келіспей, істің қылмыстық тәртіппен қаралуын талап еткен.
Кейіннен полиция бұл істің Қылмыстық кодекстің 109-1 бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру) бойынша тергеліп жатқанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл қылмыстық теріс қылық болып саналады және ең жоғарғы жазасы – 50 тәулікке қамау.
Алайда оқиға мұнымен бітпеген. Полицияда осы жанжалға қатысты бір емес, екі іс тіркелгені белгілі болды. Анықталғандай, оқиға туралы естіген басқа баланың әкесі моншаға келіп, 13 жастағы баланы ұрған 27 жастағы жігіттің өзін соққыға жыққан.
Осылайша, екі тарап та бір-біріне шағым түсіріп, қазір екі оқиға бойынша да тергеу жүріп жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
