Бүгін, 14 наурызда, Қазақстанның батыс өңірлерінде ежелден келе жатқан Амал мерекесі немесе Көрісу күні тойланып жатыр. Бұл – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының бастауы саналатын ерекше дәстүр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Көрісу күнінің басты мақсаты – қыстың қаһарынан аман-есен шыққан халықтың бір-бірімен қауышып, амандық-саулығын сұрауы. Бұл күні жасы кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып сәлем береді, ал ағайын-туыс бір-бірімен төс қағыстырып, мәре-сәре болады.
Көрісудің басты шарты – адамдардың бір-біріне «Бір жасыңмен!» деп айтуы. Бұл тілек адамның ғұмырына тағы бір жыл қосылғанын білдіреді және қыстан аман шыққанына шүкіршілік етуді меңзейді.
Сонымен қатар, Амал мерекесі – татулық пен кешірімнің символы. Осы күні бұрынғы өкпе-реніштер ұмытылып, араз болғандар татуласады. Бұл дәстүр қауымның ынтымағын арттырып, жаңа жылды таза парақтан бастауға үндейді.
Ел арасында бұл мереке «Наурыз көріс» деп те аталады, себебі ол бүкілхалықтық жаңару мен жаңғыру мерекесі Наурыздың келе жатқанынан хабар беретін алғашқы белгі іспетті.
Фото: Әлеуметтік желіден
