Жамбыл облысы Тараз қаласындағы Құмшағал мен Чолдала тұрғындары жол мәселесіне байланысты тағы да дабыл қақты. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда көшелердің әбден тозғаны, асфальттың ойылып, үлкен шұңқырларға айналғаны анық көрінеді. Кей жерлерде көлік жүргізу түгілі, жаяу жүрудің өзі қауіпті.
Тұрғындардың айтуынша, бұл жолдарға жыл сайын жөндеу жасалады, бірақ сапасы бір қысқа да жетпейді. Қар еріген сайын асфальт бірге кетіп, жол қайтадан шұрық-тесік болады. Соның салдарынан көліктер жиі бұзылып, халық жөндеу жұмыстарына өз қалтасынан ақша шығарып отыр.
Жергілікті халық бұл мәселе жаңа емес екенін айтады. Олардың сөзінше, бұл көшелерде толыққанды, сапалы жөндеу көп жылдан бері жасалмаған. Уақытша жамау жұмыстарынан нәтиже жоқ, ал жағдай жылдан-жылға қиындап барады.
Тұрғындар Жамбыл облысының әкімдігінен нақты шешім күтетінін айтады. Себебі салық төлеп отырған халық қалыпты жолмен жүруге құқылы. Ал қазіргі жағдай жауапты мекемелердің бақылауы әлсіз екенін көрсетеді.
Қала шетінде тұратын халықтың мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс. Әйтпесе уақытша жөндеу жалғаса берсе, бюджеттен бөлінген қаржы да, халықтың сабыры да таусылуы мүмкін.
Видео: shakirova_pro
