Әлеуметтік желіде QAZAQ Oil жанармай құю бекеттерінің бірінде түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Кадрларда жанармай құю пистолеті көліктің багына салынбағанына қарамастан, таблода литр мен ақша көлемі жүріп жатқанын көруге болады. Бұл жағдай жүргізушілер арасында күмән туғызды.
Видео авторының айтуынша, жанармай нақты құйылмай тұрып, есептегіштің жүруі техникалық ақауға емес, тұтынушыны алдаудың белгісіне ұқсайды. Желі қолданушылары да пікір қалдырып, мұндай жағдай бір ғана бекетте емес, басқа жерлерде де болуы мүмкін екенін жазуда.
Осы оқиғадан кейін жанармай құю бекеттеріндегі бақылау мәселесі қайта көтерілді. Қоғам белсенділері жанармай колонкаларының дәлдігін кім тексеретінін, метрологиялық бақылау қаншалықты жиі жүргізілетінін және заңбұзушылық анықталса қандай жаза қолданылатынын түсіндіруді талап етуде.
Мамандардың айтуынша, жанармай құю жабдықтары міндетті түрде тексерістен өтуі тиіс. Алайда әлеуметтік желіде тараған мұндай видеолар бақылау жүйесіне қатысты сұрақты көбейтіп отыр.
Желі қолданушылары Энергетика министрлігі мен жауапты органдардан ресми түсініктеме беруді сұрап жатыр.
Видео: kazakh.press
