АҚШ үстемдігі аяқталуы мүмкін: әлем тағдыры Ормуз бұғазында шешілуде

Саясаттанушы Дулат Бакшиевтің пікірінше, қазіргі әлемдік геосаясаттың болашағы Таяу Шығыстағы Ормуз бұғазында айқындалып жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Сарапшының айтуынша, Иранның соңғы күндері бұғаздан тек Қытайдың екі танкерін ғана өткізуі – жай ғана оқиға емес, ірі геосаяси ойынның бір бөлігі. Тегеран мұнай экспортының 90%-ын Бейжіңге жіберетіндіктен, екіжақты келісім арқылы Қытай бұл дағдарыстан еш шығынсыз шығып, халықаралық саясаттағы ықпалын арттырмақ.

Егер бұл жоспар іске асса, Бейжің бұл тәсілді әлемнің басқа да стратегиялық нүктелерінде қолданып, өзге елдерге қауіпсіздік кепілдігін ұсына алатын жаңа күшке айналады. Бұл – АҚШ-тың 80 жылдық теңіздегі үстемдігіне төнген алғашқы нақты қауіп.

«Осы уақытқа дейін әлемдік теңіз жолдарын АҚШ-тың әскери-теңіз флоты бақылап келді. Вашингтон 80 жыл бойы мұны «әділ заң мен ғаламдық тәртіп» деп түсіндірді. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп Биньямин Нетаньяхуды Израиль сотынан құтқару үшін Иранға шабуыл жасап, сол «заң мен ереженің» бәрін бұзды», — дейді саясаттанушы.

Дулат Бакшиевтің сөзінше, бұл қақтығыс Нетаньяхуға тиімді, себебі ол соғысты сылтауратып, өзіне қатысты сот процесін кейінге шегеріп отыр. Нәтижесінде Таяу Шығыстағы тұрақсыздық мұнай мен газ нарығына кері әсер етіп, әлем экономикасына салмақ түсіруде.

Сарапшы сонымен қатар Қытайдың соғысқа қажетті стратегиялық металдардың 90%-ын бақылайтынын, сондықтан Трамптың «бізде қару жетеді» деген сөзінің шындыққа жанаспайтынын алға тартады.

«Израиль «Хамасқа» ие бола алмағанда, Иранға қалай ие болады?! Қазір «Хезболла» Солтүстік Израильді атқылап жатыр. Қайда жеңгендері?!» – деп сауал тастайды ол.

Бакшиевтің болжамынша, келесі АҚШ әкімшілігі Израильге қолдауды азайтуы мүмкін, өйткені қазір Американың өзінде «Біз Нетаньяху үшін соғысып жатырмыз» деген наразылық күшейген.

«Бейжің ұтып, Вашингтонның ұтылғаны бізге де керек емес. Бізге теңгерім қажет. Орта Азияның мүддесі осы», — деп қорытындылады саясаттанушы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика