Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстан 6,2 мыңнан астам Қазақстан азаматының эвакуацияланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ведомствоның дерегінше, эвакуация басталған 3 наурыздан бері аталған аймақтан Қазақстанға 37 арнайы рейс орындалған.
«3 наурыздан бері Таяу Шығыстан Қазақстанға 37 рейс орындалып, елімізге 6 254 адам оралды», — делінген комитет таратқан ресми хабарламада.
Тек 7-сінен 8-іне қараған түні «Air Astana», «SCAT», «FlyDubai» және «Air Arabia» әуе компаниялары 11 рейс ұйымдастырып, 1786 жолаушыны елге алып келген. Сондай-ақ бүгін, 8 наурызда отандастарымызды қайтару үшін отандық және шетелдік тасымалдаушылардың қосымша рейстері жоспарланып отыр.
Комитет қазақстандықтарды елге жеткізу жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдармен және әуе компанияларымен бірлесіп, үйлесімді түрде жалғасып жатқанын атап өтті.
Фото: Әлеуметтік желіден
