Көктем келмей жатып Теміртауды су басты

Фото: видеодан скрин

Теміртау қаласында көктем жетпей жатып көшені су басты. Мүссалимов көшесі, 4-үйдің маңында еріген қар суы жолды түгел басып, тұрғындардың жүріп-тұруын қиындатқан. Таңғы сағат 9 шамасында түсірілген видеода арнайы су ағатын арна болмағандықтан, судың жол бойымен өздігінен жайылып жатқанын көруге болады.

Тұрғындардың айтуынша, бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Соған қарамастан жауапты мекемелер мәселені шешуге асығар емес. Видео авторы коммуналдық қызмет пен әкімдіктің әрекетсіздігіне ашық наразылық білдірген.

«Бұл қашан бітеді? Паводок басталса не істейсіңдер? Әкімдік бұл мәселемен айналыса ма, әлде бәрін өз ағысымен жіберіп қойған ба?» – дейді тұрғын.

Қарағанды облысы мен Теміртау әкімдігіне қатысты сын күшейіп отыр. Халықтың айтуынша, көктем сайын қайталанатын мәселе әлі күнге дейін жүйелі түрде шешілмеген. Егер дер кезінде шара қабылданбаса, тасқын кезінде жағдай одан да қиындауы мүмкін.

Жергілікті билік мұндай жағдайларға алдын ала дайын болуы тиіс деген талап жиілегенімен, тұрғындар нақты нәтиже көрмей отырғанын айтады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика