Рудныйдағы сұмдық: жүргізуші артқа жүріп, екі жасар сәбиді қағып кетті

Рудный қаласында екі жасар қыз бала тұрғын үй ауласында көлік астына түсіп, мерт болды. Қайғылы оқиғаға куә болған анасы есінен танып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Оқиға 3 наурыз күні сағат 12:30 шамасында 50 лет Октября көшесінің бойындағы көпқабатты үйдің ауласында болған. Куәгерлердің айтуынша, «ГАЗель» көлігінің жүргізушісі артқа қарай жүргенде кішкентай қызды байқамай қағып кеткен.

Сол сәтте қыздың жанында болған бес жасар ағасы аман қалған. Ол көліктің астынан сытылып үлгерген. Балаларының көлік астына түскенін өз көзімен көрген анасы сол жерде есінен танып құлаған. Оны жедел жәрдем алып кетті.

Қостанай облыстық полиция департаменті адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы дерегін растады.

«Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция жүргізушілерге тұрғын үй аулаларында, әсіресе артқа қарай жүргенде аса мұқият болу керегін ескертті.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика