Тоқаев БАӘ президентіне: «Қазақстан көмектесуге дайын»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесіп, Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы қақтығыс кезінде БАӘ-нің азаматтық инфрақұрылымына зақым келгеніне қынжылыс білдірген. Президент Шығанақтағы елдердің азаматтық нысандарына жасалған кез келген шабуыл қатаң айыпталуы керек деп санайтынын жеткізді.

«Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерін достас әрі бауырлас ел ретінде қарастырады, қажет жағдайда қал-қадерінше көмектесуге дайын», – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстанның қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, халықаралық дағдарысты еңсеруде көмек көрсетуге ықылас танытқанын жоғары бағалады.

Әңгіме соңында тараптар екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейіл екенін растап, қасиетті Рамазан айында халықтарына амандық пен береке тіледі.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика