Иранның Жоғарғы көсемі Әли Хаменеи сенбі күні таңертең өз жұмыс орнында қастандықтан қаза тапты. Бұл ақпарат растала салысымен Таяу Шығыстағы жағдай күрт шиеленісіп кетті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Tasnim агенттігінің хабарлауынша, шабуыл кезінде Әли Хаменеи мемлекеттік істермен айналысып отырған. Қастандық сенбі күні таңғы уақытта жасалған.
Израильдің қорғаныс армиясы Иран аумағындағы 30-дан астам нысанға соққы бергенін мәлімдеді. Олардың арасында әуе қорғанысы жүйелері, зымыран ұшыру кешендері және әскери басқару орталықтары бар.
Бұған жауап ретінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИСКК) елдің жоғарғы көсемінің өлімі расталғаннан кейін ауқымды операция бастағанын жариялады.
«Бұл – еліміздің қарулы күштер тарихындағы ең қатаң шабуыл операциясы болады», — делінген ИСКК мәлімдемесінде.
Ал АҚШ-тың CBS телеарнасы өз дереккөзіне сілтеп, Иранға қарсы операция барысында Ислам Республикасының 40-қа жуық шенеунігі қаза тапқанын хабарлады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Хаменеидің өлімінен кейін Иранмен келіссөз жүргізу оңайырақ болатынын айтты.
БАҚ мәліметінше, ИСКК-ның жаңа қолбасшысы болып кеңесші Ахмад Вахиди тағайындалды. Тегеран сондай-ақ Қорғаныс кеңесінің хатшысы мен ИСКК-ның бұрынғы қолбасшысының қаза тапқанын растады.
Фото: Әлеуметтік желіден
