Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Палау орталығы» дәмханасында болған жарылыстан жеті адам, оның ішінде 16 жастағы бойжеткен көз жұмды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Алдын ала дерек бойынша, оқиғадан барлығы 26 адам зардап шеккен. Жеті адам қаза тапса, 13 адам ауруханаға жатқызылды. Алты адам амбулаториялық ем қабылдап жатыр.
Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің соңғы мәліметінше, зардап шеккендердің бесеуі көпбейінді облыстық ауруханаға жатқызу үшін Көкшетау қаласына жеткізілген. Тағы екі науқасты тасымалдауға дайындық жүріп жатыр.
«Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Науқастардың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында», — делінген хабарламада.
Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдайдың себептері анықталуда. Ақмола облысының әкімдігі қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсететінін мәлімдеді.
Фото: Әлеуметтік желіден
