Елордадағы жиын: «Әр азамат референдумға қатысуы тиіс»

Астанада этномәдени бірлестіктер мен Достық үйі қызметкерлерінің қатысуымен конституциялық реформаны талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Басқосуға Достық үйінің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты, студенттер, Аналар кеңесінің мүшелері жиналды. Сонымен қатар білім, медицина, бизнес және құрылыс саласының өкілдері де қатысып, талқылауға қоғамның барлық әлеуметтік тобы қамтылды.

Жиында сөз алғандар қатарында блогерлер, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес өкілдері болды. Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай конституциялық өзгерістердің негізгі ережелерін жан-жақты түсіндіріп, 1995 жылғы редакция мен қазіргі жаңалықтарға салыстырмалы талдау жасады. Сондай-ақ ол саяси жаңғыру мәселелеріне тоқталды.

Іс-шараның модераторы «Әділетті және өркендеген Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының қалалық штабы «Есіл» ауданы бойынша филиалының төрайымы Сәнира Жүсіпова болды. Ол белсенді азаматтық ұстанымның және қоғамдық-саяси үдерістерге қатысудың маңыздылығын атап өтті.

«Ең алдымен, біз бәріміз Қазақстан Республикасының азаматымыз және өз азаматтық парызымызды орындауға міндеттіміз. Барлығымыз достарымызбен, әріптестерімізбен және Ассамблея мүшелерімен бірге референдум учаскелеріне келіп, дауыс беруіміз керек», — деді ол.

Бұдан бөлек, кездесу барысында жастармен өзара іс-қимыл тақырыбына да назар аударылды. Ассамблея өкілдері жастар қанатының болашағы мен оның қоғамдық өмірдегі рөліне қатысты сұрақтарға жауап берді. Жастардың дамуы мен өзін-өзі танытуы үшін барлық жағдай жасалғаны айтылды.

Фото: Сұлтан Сейітов

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика