Күндегі дақтар толық жойылды: Жерде алапат суық болуы мүмкін бе?

Астрономдар сирек кездесетін құбылысты тіркеді: Күннің Жерге қараған бетінде бірде-бір дақ қалмаған. Ғарыш мамандарының айтуынша, жұлдыздың белсенділік индексі нөлге дейін төмендеген, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Мұндай «таза» Күнді ғалымдар соңғы рет 2021 жылдың желтоқсанында байқаған.

Күндегі дақтар – қуатты магниттік өрістердің сыртқа шығуының белгісі. Олардың жоғалуы жұлдыз белсенділігінің тым төмендегенін көрсетеді. Бұл жағдай ғалымдарды алаңдатып отыр, себебі тарихта Күн белсенділігінің осылайша бәсеңдеуі (Маундер минимумы) Еуропа мен Америкадағы қалыптан тыс суық ауа райымен тұспа-тұс келген.

Ең таңғаларлығы, мұндай құбылыс Күн белсенділігінің шарықтау шегінен небары бір жарым жыл өткен соң тіркеліп отыр. 2024 жылдың басында Күнде жиі-жиі қуатты дүмпулер болып, белсенділігі өте жоғары болған еді. Енді жұлдыз кенеттен «терең тыныштыққа» кетті.

«Бұл уақытша үзіліс болуы әбден мүмкін. Белсенділік жақын арада қайтадан қалыпқа келеді деп болжаймыз. Дегенмен, дауыл алдындағы тыныштық әсерлі көрінеді», – дейді Ресей Ғылым академиясы Ғарыштық зерттеулер институтының астрономдары.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика