Таразда ондаған мың жүргізушіге жүздеген миллион теңгеге заңсыз айыппұл салынғаны анықталды. Прокуратураның тексерісі көрсеткендей, бұл жекелеген қателік емес, азаматтарды жаппай жауапкершілікке тарту оқиғасы болған, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Даудың басы қаладағы Сүлейменов көшесіне жылдамдықты сағатына 40 шақырымға дейін шектейтін жол белгісін орнатудан басталған. Жолдағы камералар жылдамдық асырған көліктерді тіркеп, жүргізушілерге хаттамалар жіберіп отырған. Ал жүргізушілер белгінің өзі заңсыз орнатылуы мүмкін екеніне күдіктенбей, айыппұлдарды төлей берген.
Бұл жағдайға қала тұрғыны Рүстенбек Өмірзақов күмәнмен қарап, прокуратураға шағымданған. Тексеріс нәтижесінде жылдамдықты шектеу туралы шешім тиісті келісімсіз және жол жағдайына талдау жасалмай қабылданғаны белгілі болды. Осылайша, жүргізушілер заң талаптарын бұза отырып қабылданған шешім негізінде жазаланған.
Заңсыздықтың ауқымы да айтарлықтай: тек бір ғана нүктеде жалпы сомасы 345 349 309 теңгені құрайтын 32 260 әкімшілік хаттама толтырылған.
Кейін даулы жол белгісі алынып тасталды, бірақ салынған айыппұлдардың күші жойылмай, жүргізушілерге ақшасы қайтарылмаған.
Тараз тұрғыны Светлана Бояркина айыппұлға сотта шағымданып, істі жеңіп шықты. Сот жол қозғалысын ұйымдастыру кезінде заң талаптары сақталмағанын атап өтті. Бір қызығы, полиция бұл шешімге қарсы шағым түсірмеген.
Осыған қарамастан, айыппұлдардың күшін жою тек жекелеген жағдайларға ғана қатысты болды. Қалған мыңдаған жүргізуші әлі күнге дейін заң бұзушы болып саналады.
Енді полиция департаменті заңбұзушылықты жойып, прокурорлық қадағалау актісін, соның ішінде қаражатты қайтару мәселесін қарастыруы тиіс. Алайда полиция жол белгілерін орнатуға әкімдік жауапты десе, әкімдік мұндай жұмыстар полицияның нұсқамасымен жасалатынын айтып, жауапкершіліктен жалтарып отыр.
Жүргізушілерден өндірілген жүздеген миллион теңге үшін кім жауап беретіні және ол қаражаттың иелеріне қайтарылатыны әзірге белгісіз.
Фото: Әлеуметтік желіден
