Танымал әнші Еркеш Хасен әлеуметтік желідегі парақшасында отбасының айналасындағы өсек-аяңға қатысты ашық мәлімдеме жасап, көптен бері айтылмай келген шындықтың бетін ашты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Әншінің айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы өзіне тағылған негізсіз айыптарға үндемей келген. Алайда, бұл әңгімеге кінәсіз қызының араласуы оның шыдамын тауысқан.
«Неше уақыттан бері елдің айтқан өтірік жалаларын жұтып келдім. Бірақ бұл сасық әңгімеге кінәсіз баламды араластырғандарыңыз үшін жазып тұрмын. Бір айтарым, мен қызымды ешқашан тастаған емеспін, тастамаймын да! Соңғы демім қалғанша, қызыма қамқор боламын», — деп жазды әнші.
Еркеш Хасен бұдан былай камера алдына отырып, отбасына қатысы жоқ жандарға жеке өмірі туралы сұхбат бермейтінін кесіп айтты. «Менің қызымды да, қызыма деген махаббаттан туған әнімді де ешкім тартып ала алмайды!», – деді ол.
Сонымен қатар, ол некесіне қатысты да пікір білдіріп, бұрынғы жары туралы жағымсыз сөз айтудан бас тартты.
«Ешкім ажырасамын деп үйленбейді. «Ұлың болса – ұрыға күлме» дейді. Сіздер үйреніп қалған сценарийге сүйенсек, мен бір журналистпен отырып, осыны талқылауым керек екен. Кешіріңіздер, мен талай жақсы күндерді бірге өткізген адамды елдің алдында әңгіме қылып отырмаймын. Екеуміздің арамызда болған нәрсе, әуелі Аллаға, сосын тек екеумізге мәлім. Осымен әңгімені доғарайық!», — деп түйіндеді Еркеш Хасен.
Фото: Әлеуметтік желіден
