Қазақстанда бір жылдың ішінде 83 ауыл картадан жойылды, қазір ел бойынша 6,1 мыңға жуық елді мекен қалды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл жағдай соңғы 25 жылдан бері жалғасып келеді, бірақ соңғы жылдары ауылдардың жойылу қарқыны күрт өскені байқалады. Егер 2020-2022 жылдары 46 ауыл таратылса, 2023 жылдан бері бұл көрсеткіш 199-ға жеткен.
Өткен жылы ауылдардың жаппай азаюы негізінен үш солтүстік өңірде тіркелді. Олар – Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары.
«Жалпы қысқартудың шамамен 80%-і осы үш аймақтың үлесіне тиеді. Adilet жүйесінде жарияланған құжаттарға сәйкес, бұл өңірлерде көрсетілген кезеңде 68 ауыл таратылып, Астана маңындағы Целиноград ауданында тек бір ғана жаңа – Нұрлы ауылы құрылған», — делінген Datahub зерттеуінде.
Кейбір ауылдарда тұрғындар мүлдем қалмаған. Мысалы, Малая Парамоновка ауылында бірде-бір адам тіркелмесе, Мирное және Калиновка ауылдарында тиісінше бір және екі адам ғана тұрған.
Заң бойынша, егер елді мекенде үш жыл қатарынан 50-ден аз адам тұрса, оны таратуға болады. Әдетте мұндай жағдайда ауыл тізімнен шығарылып, жақын маңдағы ірі елді мекенге қосылады. Бұл шешім тұрғындардың пікірін ескере отырып, ашық жиналыста қабылдануы тиіс.
Фото: YK-news.kz.
