Фото: видеодан скрин
Қостанай облысы, Қостанай қаласына қарасты Тобыл кентіндегі «Нұрай» шағынауданы, №7 үйдің тұрғындары төбеден су ағу мәселесіне шағымданды. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Жылы ауа райы басталысымен пәтерлердің төбесінен су сорғалап, ішкі әрлеу қабаттары бүлінген.
Бейнематериалды редакцияға осы үйдің тұрғыны Жасұлан Сыздықов жолдап, мәселенің соңғы күндері ушыға түскенін айтқан.
Аталған көпқабатты үй 2024 жылы пайдалануға берілген, құрылыс жүргізген компания – «KST 2020» ЖШС. Тұрғындардың сөзінше, кеше мердігер компания өкілі келіп, шатырдағы қарды тазалаған, алайда бұл түйткілдің уақытша ғана шешімі болуы мүмкін. Қазір жұрт көктемгі қардың толық еруі жағдайды одан әрі ушықтыра ма деп алаңдаулы. Жаңа салынған баспананың сапасына қатысты сұрақтар көбейгенімен, жергілікті әкімдік мәселені жүйелі бақылауға алып, нақты шешім ұсынуға асығар емес.
Видео: @tobol_info
