Жамбыл облысында перзентханада тағы бір әйел қайтыс болды. Туыстарының сөзінше, дәрігерлер келіншекті «40 мың теңге төлемегенсің» деп, емханаға тіркемей қойған, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Марқұм Салтанат Нышанбай қараша айында жүктілігіне байланысты тіркеуге екі рет барған. Алайда екеуінде де оны кері қайтарған. Себеп ретінде оның жеке кәсіпкер екенін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) үшін төлем жасамағанын айтқан.
«Сен жеке кәсіпкерсің, 40 мың теңге төлемегенсің» деп, арнайы қолхат жаздырып алған», – дейді марқұмның жақындары.
Негізі заң бойынша, жүкті әйелдер мен тәуекел тобындағы аналар МӘМС мәртебесіне қарамастан, шұғыл медициналық көмекті кедергісіз алуы тиіс.
Емханаға тіркеле алмаған Салтанаттың денсаулығы бірте-бірте нашарлап, аяғы ісіп, өзін жайсыз сезіне бастаған. Кейін оған кесарь тілігі арқылы ота жасалып, сәбиі аман қалды.
Алайда босанғаннан кейін бір апта өткен соң жас ана есінен танып, комаға түскен. Бір ай бойы дәрігерлер оның өмірі үшін күрескенімен, ақыры көз жұмды.
Марқұмның артында 5 жасар қызы мен енді ғана бір айға толған шақалағы қалды.
Фото: Әлеуметтік желіден
