Тоқаев: «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, бұл кезеңнің құндылықтары еліміздегі ауқымды өзгерістермен үндесетінін атап өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Президент өз құттықтауында Рамазанның күллі мұсылман қауымы үшін маңызы зор екенін айтты. Оның айтуынша, бұл – миллиардтаған адамды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін ерекше мезгіл.

Сонымен қатар, Тоқаев оразаның азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке баулитынын, халық бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сияқты асыл қасиеттерді сіңіретінін жеткізді.

Мемлекет басшысы осы рухани құндылықтардың қазіргі жаңғыру кезеңінде маңызы арта түсетініне тоқталды. Ол Қазақстанның түбегейлі өзгерістердің тарихи кезеңіне қадам басқанын және республикалық референдумға Жаңа Конституция жобасы ұсынылғанын еске салды.

«Біз дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарымызды қастерлей отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық сияқты мызғымас қағидаттарды терең түсінетін әрі мүлтіксіз сақтайтын ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз. Мұның бәрі қасиетті Рамазан айының мәңгілік ұлағатымен толық үндеседі», — деді Президент.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша мұсылман жамағатын қасиетті айдың басталуымен тағы да құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика