Қазақстанда концерт қоятын әртістердің әнін енді әкімдік тексереді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік әртістердің концерт өткізу ережесін күшейтетін заңға қол қойды. Енді шараны ұйымдастырушылар концерттен 30 жұмыс күні бұрын жергілікті әкімдікпен келісуі тиіс, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Жаңа құжатқа сәйкес, егер әртіс репертуарында немесе іс-шара мазмұнында тыйым салынған тақырыптар анықталса, концертті өткізуге мүлдем тыйым салынуы немесе тоқтатылуы мүмкін.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов шетелдік әртістердің Қазақстанға концертпен келгенде ешқандай келісімшарт жасаспайтынын мәлімдеген. Оның сөзінше, олар өз бетінше алаң тауып, билет сатуды бастай беретін.

«Енді әртіс гастрольдік тур аясында концерт жоспарласа, бірінші кезекте келісімшарт жасап, әкімдікпен жұмыс істеуі керек. Біз өз тарапымыздан бұл құжаттарға назар аударып, жергілікті атқарушы органдарға көмектесеміз. Келісімшартта әртістің міндеттемелері жазылады. Бұл міндеттемелер, ең алдымен, оның орындайтын әндеріне қатысты. Олар еліміздің ұлттық құрылымына нұқсан келтірмеуі, порнография мен есірткіні насихаттамауы тиіс», – деп толықтырды Кочетов.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика