Украина президенті Владимир Зеленский Axios-қа берген сұхбатында украин қоғамы Донбасстағы аумақтардан бас тартуды көздейтін кез келген келісімге үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Зеленскийдің айтуынша, америкалық делдалдар оған «Ресей соғысты шынымен аяқтағысы келеді» деген белгі беріп жатқанын жеткізген. Алайда Украина басшысы бұған күмәнмен қарайтынын және делдалдарға украиндар «сәтсіз тарих» деп санайтын бейбіт жоспарды күштеп таңуға болмайтынын ескерткен.
«Адамдар мұны эмоциялық тұрғыда ешқашан кешірмейді. Ешқашан. Бұл – біздің еліміздің бір бөлігі, ондағы азаматтар, ту, жер», – деді Зеленский аумақтан бас тарту мүмкіндігіне қатысты.
Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың жеңілдік жасауға шақыруды дәл Украинаға бағыттауын «әділетсіздік» деп атады, бірақ бейбіт реттеу жолындағы күш-жігері үшін алғысын білдірді. «Бұл оның қабылдаған шешімі емес, тек тактикасы ғана болар деп үміттенемін», – деді Зеленский. Сонымен қатар ол өзінің «қысымға көнетін адамдардың қатарынан емес» екенін атап өтті.
Президенттің сөзінше, Вашингтон мен Киев кез келген түпкілікті келісімді референдумға шығаруға келіскен. Егер құжат тек украин әскерін шығару мен Донбастың бір бөлігіндегі егемендікті іс жүзінде жоғалтуды көздесе, халық оны қабылдамайды. Ал қазіргі майдан шебін сақтап қалу нұсқасы қолдау табуы мүмкін екенін жеткізді.
Америкалық делдалдар Донбаста егемендік мәртебесі нақты айқындалмаған, қарусыздандырылған «еркін экономикалық аймақ» құру нұсқасын ұсынған. Зеленский әскерді толық кері шегіндіруді талқылауға дайын екенін, бірақ бұл аумақтағы Ресей егемендігін мойындаудан бас тартатынын айтты.
Сондай-ақ ол мәселенің негізгі кілті – Путинмен жеке кездесу екенін тағы да қайталады. Ол өз командасына Женевада көшбасшылар деңгейіндегі кездесуді күн тәртібіне енгізуді тапсырған.
«Бізде осының бәріне уақыт жоқ. Сондықтан шешім қабылдап, соғысты аяқтауымыз керек», – деді ол қарсы тараптың қақтығыстың «тарихи тамыры» туралы пікірталасқа бейімділігін сынап.
Президент ықтимал бітім кезеңінде жаңа сайлау референдуммен қатар өтуі мүмкін екенін де жоққа шығармады және өз кандидатурасын ұсынуы мүмкін екенін меңзеді: «Бұл халыққа байланысты болады. Олардың не қалайтынын көреміз».
Фото: Әлеуметтік желіден
