Burger King-дегі дау: «Жаңа басшы аутист ұлымды жұмыстан қуып жатыр»

Қазақстандағы Burger King жылдам тамақтану желісінің айналасында үлкен дау шықты. Алматылық тұрғын компанияның жаңа басшылығы аутизм диагнозы бар ұлын жұмыстан кетуге мәжбүрлеп, астыртын қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұл жайт туралы әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратай әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, 27 жастағы ұлы Әлібек Қаратай осы компанияда төрт жыл бойы аспаз болып тұрақты жұмыс істеген. Анасы ұлының бұл ортаға қалай келгенін егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Ұлым Әлібекке аутизм диагнозы қойылған. Ол екі жасында сөйлемейтінін, өзге балалар сияқты емес екенін байқадық. Ол кезде тіпті «аутизм» деген сөз де жоқ еді. Мен IT-дағы мансабымды тастап, бар уақытымды балама арнадым. Ол мектеп бітіріп, Жүргенов атындағы колледжде мүсінші мамандығын алды. Бірнеше жерде жұмыс істеп көріп, ақыры өзіне ұнайтын ұжым мен мамандықты тапты – ол Burger King-дегі аспаздық», — дейді Жанат Қаратай.

Оның сөзінше, Әлібек төрт жыл бойы тұрақты жұмыс істеп, жалақы алып, ұжымның бір бөлігіне айналған. Ол өз еңбегімен тапқан ақшасын жұмсап, демалысын жоспарлап, толыққанды өмір сүрген. Алайда, компанияға Сергей есімді жаңа аймақтық басшы келгеннен кейін жағдай күрт өзгерген.

«Жаңа басшы келген сәттен бастап бәрі өзгерді. Астыртын қысым көрсету басталды. Күзден бері Әлібектің көңіл-күйі болмады, біз не болып жатқанын түсінбедік. Сөйтсек, оны жұмыстан кетуге мәжбүрлеп жатыр екен… Ол басшымен жеке сөйлесу – нағыз сорақылық. Роботпен сөйлескендей болдым. Ол елімізге жақында келгенін, инклюзивті қоғам туралы еш түсінігі жоқ екенін білдім. Аутизм диагнозы бар адамдардың бәрімен бірдей жұмыс істей алатынын естімеген де», — деп жазды кәсіпкер.

Бұл жазба қоғамда үлкен резонанс тудырған соң, Burger King Kazakhstan ресми мәлімдеме жасады.

«Біз Dostyk Plaza сауда орталығындағы мейрамханамыздың бұрынғы қызметкеріне қатысты жазбамен таныстық. Бұл жағдайдың отбасыға ауыр тигеніне шын жүректен өкінеміз. Біз үшін әрбір қызметкердің құрмет пен қолдауды сезінуі маңызды. Burger King Kazakhstan тең мүмкіндіктер мен инклюзивтілік қағидаттарын ұстанады», — делінген компания хабарламасында.

Сондай-ақ компания ішкі тексеріс басталғанын және Әлібектің жұмыстан шығарылмағанын мәлімдеді. Алайда, компанияның бұл жауабы көпшілікті қанағаттандырмады. Қазіргі уақытта әлеуметтік желі қолданушылары компания туралы жағымсыз пікірлер қалдырып, желіге бойкот жариялауға шақыруда.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика