Қазақстанда некеге тұрушылар саны тәуелсіздік тарихындағы ең төменгі деңгейге жетті. 2025 жылы некелесу коэффициенті 5,62-ге дейін құлдырады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
2025 жылы елімізде барлығы 114,5 мың неке тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға аз және соңғы 22 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Айта кетерлігі, ел халқының саны өсіп жатқанымен, жаңадан отау құратындар қатары сиреп барады.
Тәуелсіздік алғаннан бері некелесу коэффициенті екі рет шарықтау шегіне жеткен: 1991 жылы (10,1) және 2013 жылы (9,89). Алайда соңғы шыңнан кейін елімізде неке саны тұрақты түрде төмендеп келеді. Нәтижесінде 12 жыл ішінде көрсеткіш 4,27 пунктке құлаған.
«Коэффициенттің төмендеуі тек некеге деген қызығушылықтың азайғанын білдірмейді. Бұл – салыстырмалы көрсеткіш, ол тіркелген одақтардың санына ғана емес, халықтың жалпы санына да тәуелді», – деп түсіндіреді сарапшылар.
Мамандардың айтуынша, 2014 жылдан бастап елімізде 18 бен 39 жас аралығындағы адамдардың саны азайған, ал барлық некенің 85%-дан астамы осы жас тобына тиесілі. 2023–2024 жылдары олардың саны өсе бастағанымен, бұл жалпы үрдісті өзгертуге жеткіліксіз болды.
Бұдан бөлек, соңғы он жылда алғаш рет некеге тұрудың орташа жасы 27,1-ден 27,9-ға дейін ұлғайған. Ресми статистикада есепке алынбайтын азаматтық және діни некелер санының артуы да осы көрсеткішке әсер етіп отыр.
Фото: Pixabay
