Атырауда із-түссіз жоғалған отбасының ісіне қатысты әлеуметтік желіде жеке «тергеуін» жариялаған «хакер» шын мәнінде алаяқтық үшін ізделіп жатқан күдікті екені анықталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, бұл азаматтың үстінен 2025 жылдың сәуір айында алаяқтық деректері бойынша төрт бірдей арыз түскен. Осыған байланысты төрт эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Полицияның мәліметінше, күдікті сол сәуір айында-ақ Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Яғни, ол өзінің жалған тергеуін желіде таратқан кезде шетелде болған. Қазіргі уақытта оған халықаралық іздеу жарияланып, тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.
«Бұл азаматқа қатысты қозғалған қылмыстық істің Қызылқоға ауданында жоғалған отбасы оқиғасына ешқандай қатысы жоқ», — деп атап өтті полиция департаменті.
Еске салсақ, 2025 жылдың күзінде Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты мен олардың екі баласы жоғалып кеткен болатын. Кейінірек ата-анасының денесі өз үйлерінің ауласынан табылды, ал екі баланың тағдыры әлі белгісіз.
Бұл аса ауыр қылмысқа басты күдікті ретінде марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевке іздеу жарияланған. Жақында полиция оның қайда жүргенін анықтағанын және жақын арада ұсталатынын мәлімдеген еді.
Фото: Әлеуметтік желіден
