Ширек финалдағы өкініш: Анастасия Городко жүлдеге жете алмады

Италияның Ливиньо қаласында өтіп жатқан фристайл-могулдан Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан әйелдер құрамасы жарысты жүлдесіз аяқтады. Ел намысын қорғаған спортшылардың ішінде Анастасия Городко ширек финалға дейін жетті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Параллельді могул бәсекесіне Қазақстан атынан Юлия Галышева, Анастасия Городко және Аяулым Әмренова қатысқан болатын. Алғашқы іріктеу кезеңінде Әмренова жарыс жолынан шығып қалса, Галышева мен Городко келесі айналымға сәтті өтті.

Екінші кезеңде тәжірибелі Юлия Галышева қателік жіберіп, бәсекені ерте аяқтауға мәжбүр болды. Ал Анастасия Городко қарсыласынан басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.

Алайда шешуші сәтте Городко бірінші трамплиннен секіргенде тепе-теңдігін жоғалтып, сүрініп кетті. Осылайша, оның жүлдеге таласу мүмкіндігі аяқталды да, Қазақстан құрамасы бұл сында медальсіз қалды.

Фото: Тұрар Қазанғапов

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика