Фото: видеодан скрин
Қазақстанда автогаз саласына қатысты бақылау күшейтілмек. Энергетика министрлігі қауіпсіздік талаптарын қайта қарап, нарықты жүйелеуге бағытталған жаңа тетіктерді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Серікұлы Тұтқышбаевтың мәліметінше, бүгінде ел бойынша 4 мыңға жуық автогаз құю станциясы тіркелген. Бұл – 2024 жылдың басымен салыстырғанда шамамен мың станцияға артық көрсеткіш. Яғни сұраныс артқан сайын, инфрақұрылым да кеңейіп келеді.
Жаңа заң аясында министрлікке қосымша құзырет берілмек. Соның бірі – автогаз нарығын реттейтін арнайы әдістемені бекіту. Құжат жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әзірленіп, бизнес өкілдерінің ұсыныстарымен келісілетін болады. Бұл шешім саладағы ашықтықты арттырып, кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы үйлесімді жұмысты қамтамасыз етпек.
Бұдан бөлек, газ баллондарына қатысты талап та күшейеді. Енді баллондарға газ құюдың шекті саны бекітіледі. Сонымен қатар әр баллон міндетті түрде таңбаланып, арнайы маркировка енгізіледі. Бұл – үй жағдайында жасалған, сертификатталмаған баллондардың нарыққа енуіне тосқауыл қою үшін қажет.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, қауіпсіздік – басты басымдық. Сондықтан тек техникалық талаптарға сай, сертификатталған баллондар ғана айналымға жіберіледі. Бұл қадам тұрмыстық және жол-көлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ өңірлердегі автокөлік саны да есепке алынады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әр аймақтағы көлік көлеміне қарай автогаз құю станцияларының шекті саны белгіленбек. Бұл нарықтағы ретсіздікті азайтып, қызмет сапасын теңгеруге мүмкіндік береді.
Сарапшылар мұндай жүйелеу автогаз инфрақұрылымын қауіпсіз әрі тұрақты дамытуға жол ашатынын айтады. Ал министрлік қолға алған жаңа тетіктер саладағы бақылауды күшейтіп қана қоймай, тұтынушы мүддесін қорғауға бағытталған маңызды қадам болмақ.
