Шымкентте түнде жауған қалың қар қайғылы жағдайға себеп болды: мектеп оқушысының үстіне ағаш бұтағы құлап, бала оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Оқиға қаладағы 11-шағын ауданның ауласында болған. №36 мектептің 4-сынып оқушысы ағаштың астынан өтіп бара жатқанда, қардың салмағын көтере алмаған жуан бұтақ сынып, оның үстіне құлаған.
Баланың денесін аула сыпырушылар байқап, дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда оқиға орнына жеткен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Сол түні Шымкентте қыс басталғалы бері болмаған қалың қар жауып, қала коммуналдық қызметтері ауа райының күрт өзгеруіне дайын болмай шықты. Салдарынан электр сымдары үзіліп, ондаған көлік зақымданды және көптеген ағаш құлады. Төтенше жағдайлар департаментіне тұрғындардан көптеген шағым түскен.
Шымкент қалалық полиция департаменті қайғылы оқиғаның болғанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
