Тоқаев шешім қабылдады: Қазақстанда жаңа Конституция бойынша референдум өтеді

Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссияның қорытынды жобасымен танысқаннан кейін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімованы, оның орынбасары Ерлан Қаринді және комиссия мүшесі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Кездесуде комиссияның жаңа Ата Заң жобасы бойынша атқарған жұмысының нәтижелері таныстырылды.

Эльвира Әзімованың айтуынша, қорытынды жоба 12 отырыстың нәтижесінде әзірленген. Оны дайындау барысында былтыр қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдары арқылы азаматтардан келіп түскен ұсыныстар мен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының пікірлері ескерілген.

Комиссия талқылау қорытындысы бойынша жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды.

Президент Тоқаев комиссияның жұмысын жоғары бағалап, жаңа Конституция ережелері мемлекеттің институционалдық негізін толық трансформациялап, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшуді білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ, бұл құжат Қазақстанның одан әрі прогрессивті дамуына негіз қалайтынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы жобаны әзірлеуге мыңдаған азаматтың үлес қосқанын ерекше атап, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келетінін және жаңа Ата Заңның шын мәнінде халықтық сипатқа ие екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын нақтылады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика