Студенттің басына нысана қойды: Алматыдағы колледж оқытушысының әрекеті шу шығарды

Әлеуметтік желіде Алматыдағы колледж оқытушысының студенттің басына нысана қойып, пневматикалық мылтықтан оқ атқан сәті бейнеленген видео тарап, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Шулы оқиға Алматы сәулет, дизайн және инженерия колледжінде, алғашқы әскери және технологиялық дайындық (АӘТД) сабағы кезінде болғаны анықталды. Кадрлардан оқытушының студенттің басындағы қағаз нысананы көздеп, мылтықтан атқанын көруге болады.

Қоғамдық резонанстан кейін оқу орнының басшылығы ресми мәлімдеме жасап, оқытушының педагогикалық этиканы бұзғанын мойындады.

«Бұл жағдай сабақтан тыс уақытта, оқытушы мен топтың бейресми қарым-қатынасы кезінде болған. Пневматикалық мылтықтан штаттық оқ-дәрімен емес, жұмсақ затпен (мақта) атылған, ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл әрекет оқыту әдісіне де, жазалау түріне де жатпайды. Колледж әкімшілігі педагогикалық этика мен қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын растайды», – делінген колледж хабарламасында.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика