СҚО-да фермерді жалақы үшін атып өлтірген: 23 жастағы жігітке үкім шықты

Солтүстік Қазақстан облысында шаруа қожалығының басшысын өлтірген 23 жастағы жігіт 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың күзінде Докучаево ауылында болған. Іс материалдарына сәйкес, 23 жастағы Вадим Орлов мас күйінде қолына мылтық алып, өзіне жалақысын бермей жүргендерден «өш алуға» бара жатқанын айтқан. Ол алдымен ауыл тұрғындарының біріне шабуыл жасап, артынша фермер Азамат Батановтың үйіне келген.

Фермер өзін қорғамақ болып, аспанға ескерту оғын атқан. Алайда Орлов оны өз мылтығымен атып құлатып, содан кейін марқұмның мылтығымен қайта оқ жаудырып, оқиға орнынан ізін суытқан.

Алқабилер сотталушыны кісі өлтірді деп таныды. Сот оның шын жүректен өкінгенін ескергенімен, қылмысты мас күйінде жасауын жазаны ауырлататын мән-жай ретінде бағалады.

Сот үкімімен Вадим Орлов марқұмның отбасы мүшелерінің әрқайсысына 2,5 миллион теңгеден өтемақы төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ қылмыс қаруын жасыруға көмектескен оның сыбайласы екі жылға сотталды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика