Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында кейбір шенеуніктердің оның сұхбаттары мен сөздерін оқымайтынын айтып, оларға қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, кейбір үкімет мүшелері оның «Turkistan» газетіне берген сұхбатын ықылас қойып оқымаған, тіпті Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзін де толық түсінбеген.
«Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл – мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы салық саласындағы «жазалаушы менталитеттен» арылып, салық төлеушілермен серіктестік орнату қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынас әділдікке, өзара тиімділікке және жауапкершілікке негізделуі тиіс.
Ол банктер, агрегаторлар мен маркетплейстерді салықтық әкімшілендіруге толықтай енгізіп, оларға салық агенті міндетін жүктеуді тапсырды. Мемлекеттік кірістер комитеті толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискалдық деректер фабрикасына» айналуы керек.
«2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет», – деді Президент.
Сондай-ақ Тоқаев Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілерінің тізілімін жедел іске қосуды, бірақ тауарларды цифрлық таңбалауды өндіріске зиян келтірмей жүргізуді ескертті.
«Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр», – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда
