Тоқаев Үкіметке ескерту жасады: «Жауапкершіліктен қашсаңдар, қатаң шара болады»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банктің инфляциямен күресіне қатысты қатаң сын айтып, нақты іс-қимылға көшуді тапсырды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, инфляцияның не себепті шарықтап кеткені белгілі, яғни «кеселдің себебі анықталды». Ендігі міндет – осы мәселені шешу. Алайда, ол ұсынылатын шаралар елдің экономикалық дамуына кедергі келтірмеуі тиіс екенін ескертті.

Осыған байланысты Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп, нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді жүктеді. Ол бұл жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшыларды тартудың маңызды екенін атап өтті.

«Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент биылдан бастап үш жыл бойы инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керегін баса айтты. Ол бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындаудың айрықша маңызды екенін ескертті.

«Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады», — деп түйіндеді сөзін Тоқаев.

Фото: Ақорда

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика