Тоқаев Ата Заңға жаңа норма ұсынды: Енді сотсыз үйден мәжбүрлеп шығара алмайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің негізгі мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Конституцияда адам құқығын қорғаудың нақты жолдары көрсетілген біртұтас жүйе қалыптасады. Ол Ата Заңға енгізілетін бірнеше маңызды өзгеріске тоқталды.

Атап айтқанда, адвокаттардың ұсынысымен Негізгі Заңға адвокатура туралы жеке бап қосылған. Сондай-ақ білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты нақтылана түскен.

Тоқаев дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау маңызды екенін де атап өтті. Осы мақсатта «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы одағы» деген тұжырым бекітілген.

Бұдан бөлек, Президент қазақстандықтар үшін аса маңызды тағы бір норманы енгізуді ұсынды. Ол азаматтарды сот шешімінсіз тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға тыйым салуды көздейді.

«Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн. Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма», — деді Президент.

Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұрады. Оның сөзінше, Негізгі Заң жобасында елдің қарқынды дамуына қажетті барлық іргелі қағидаттар қамтылған.

Фото: Ақорда

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика