Тоқаев: Конституциялық комиссия құрамында бірде-бір шетелдік маман жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өтпелі кезеңге аяқ басқанын және ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістер жүзеге асып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда конституциялық реформаның маңызды тұстарын айтқанын еске салды. Оның айтуынша, қоғамда Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жарты жылдан бері жүріп жатыр.

«Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілгенін атап өтті. eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түскен. Комиссия барлық өтінішті мұқият қарап, тиісті түзетулерді әзірлеген.

«Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған. Біз „Халық үніне құлақ асатын мемлекет“ ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысы:

«Осыған дейін Конституциялық комиссияның он отырысы өтті. Комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескере отырып, ортақ пайымға келді. «Ата Заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн» деген байлам жасады.

Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланды. Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын.

Азаматтарымыз Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келеді. Бұл – менің саяси бағдарымда көрсетілген негізгі міндеттердің бірі.

Еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашықпыз» қағидаттары өте маңызды. Сол арқылы қоғамдық диалогтің дамуына, еліміздің үздіксіз алға басуына жол ашылады.

Қазірдің өзінде бір нәрсені күмәнсіз айтуға болады: жұртшылық назарына мүлде жаңа құжат ұсынылып отыр. Бұл құжат мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түскенін, яғни сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді» деді.

Фото: Ақорда

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика