Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның жұбайы Нұржан Иманалиев Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шыналиевтің «орманға апарып, тапанша тақады» деген айыптауына қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Кәсіпкер, қоғамда «криминалдық бедел иесі» ретінде танылған Нұржан Иманалиев боксшының сөзін толығымен жоққа шығарып, онымен тек бір рет қана кездескенін мәлімдеді.
«Айтылған сөздердің бәрі – өтірік. Неге олай жасағанын өзім де түсінбеймін. Шок жағдайындамын. Бұл адамды өмірімде бар болғаны бір рет көргенмін. Ол кезде үйіме қонаққа келіп, бірге ас ішкенбіз. Содан кейін мүлде араласқан емеспіз. Не себепті мұндай мәлімдеме жасағанын мүлде түсінбедім», — деді Нұржан Иманалиев.
Бұған дейін боксшы Еркебұлан Шыналиев Иманалиевті өзін орманға апарып, басына қару кезеніп, қорқытты деп айыптаған болатын. Бұл оқиға қоғамда үлкен талқыға түскен еді.
Фото: turkystan.kz
