Шымкентте интернет арқылы өмірде жоқ пәтерлерді жалға беріп, тұрғындарды алдап келген әйел ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Полицияның мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілерге пәтерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялап, клиенттерден «бронь» үшін алдын ала төлем жасауды талап еткен. Ақша қолына түскен соң ол бірден байланысты үзген.
Тексеру барысында хабарландыруда көрсетілген пәтерлердің іс жүзінде мүлдем болмағаны белгілі болды.
Тергеу оның кемінде төрт алаяқтық дерегіне қатысы барын анықтады. Қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
