Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қытайлық Sunwah Group корпорациясының төрағасы Цай Гуаньшэньді қабылдап, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді. Осы ретте ол 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанада ұсынған «Бір белдеу, бір жол» бастамасының сәтті жүзеге асып жатқанын еске салды.
Кездесуде екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының қарқыны жоғары бағаланды. Президенттің айтуынша, Қытай қазір Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналған.
«Бүгінде Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Тауар айналымы жыл сайын рекордтық межені бағындырып отыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әңгіме барысында инвестициялық ықпалдастыққа айрықша назар аударылды. Президент Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, бірлескен стратегиялық жобаларға толық қолдау көрсететінін атап өтті.
Сонымен қатар, Тоқаев әлемнің жасанды интеллектінің белсенді даму кезеңіне аяқ басқанын, бұл салада Қытай көш бастап тұрғанын мойындады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қытай тарапымен осы заманауи бағытта ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді.
Фото: Әлеуметтік желіден
