Қонаевта жойқын жел үйлердің шатырын жұлып әкетті

Қонаев қаласында 8-нен 9 ақпанға қараған түні соққан жойқын жел тұрғындарды әбігерге салды. Мамандардың мәліметінше, желдің жылдамдығы секундына 27 метрге дейін жеткен. Дүлей күштің салдарынан көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары ұшып, жеңіл металл конструкциялар опырылып түсті. Аула аумақтары мен көшелерде құлаған ағаштар мен қираған жабындылар көбейіп, инженерлік желілерде апатты жағдайлар тіркелген. Бірқатар шағынауданда электр энергиясы өшіріліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшіп, арнайы жедел штаб құрылған. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін 1–11 сынып аралығындағы мектептер қашықтан оқыту форматына уақытша ауыстырылды. Зардап шеккендер анықталған жағдайда оларға заң аясында көмек көрсетілетіні хабарланды.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика