Қаламгер мұрасы ұлықталған кеш: Табыл Құлыястың 90 жылдығына арналған тағылымды шара өтті

Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында қазақ руханияты үшін мәні зор әдеби-мәдени басқосу ұйымдастырылды. Белгілі жазушы, журналист, архивтанушы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының және Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Табыл Құлыястың туғанына 90 жыл толуына арналған мерейтойлық шара жоғары деңгейде өтті. Зиялы қауым өкілдерін тоғыстырған кешті Еуразия ұлттық университеті мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Тағылымды жиынның негізгі өзегі қаламгердің көптомдық шығармалар жинағының кезекті кітабы Таңдамалы басылымының VI томының тұсаукесері болды. Жаңа кітапқа жазушының әр кезеңде жазылған таңдаулы туындылары, архивтік деректерге негізделген зерттеулері мен публицистикалық еңбектері топтастырылған. Көпшілік қауым жаңа жинақты қаламгер мұрасын жүйелеген салмақты еңбек ретінде қабылдады.

Салтанатты кеш барысында жазушының жаңа портреті көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар кітапхана қабырғасында жазушының ғылыми, әдеби, журналистік бағыттағы еңбектерінен құралған арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге сирек қорда сақталған қолжазбалар, кітаптар, фотосуреттер мен архивтік материалдар қойылды.

Мерейтой аясында университет кітапханасында Табыл Құлыяс еңбектер қоры ресми түрде ашылды. Бұл қор жазушы мұрасын жүйелеу, сақтау және зерттеушілерге қолжетімді ету мақсатында құрылды.

Әдеби кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, академиктер, жазушылар мен журналистер, жас зерттеушілер қатысты. Басқосуда сөз алған зиялы қауым өкілдері қаламгердің ұлттық әдебиет пен баспасөз тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.

Кеш барысында естеліктер айтылып, жазушының шығармашылық және адамдық болмысы кеңінен әңгімеленді. Рухани шараның көркін ән мен күй әрледі. Дәстүрлі өнер кеш мазмұнын байытып, әсерін күшейтті.

Жиын соңында ұйымдастырушылар мұндай тағылымды шаралар қаламгер мұрасын ұлықтап, жас ұрпаққа насихаттауда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика