Күн райының күрт бұзылуынан Сарысу ауданының аумағында электр жарығы уақытша өшіп қалған. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Сондай-ақ, Бейбітшілік көшесінде орналасқан ту тұғырының құлағаны да белгілі болды.
Осылайша, 6 ақпанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында екпіні 32 м/с-қа дейін жеткен қатты желдің салдарынан бірқатар нысанға зақым келген.
– 1-шағын аудандағы № 32, 33, 34, 35 тұрғын үйлердің, 3-шағын аудандағы № 6 тұрғын үйдің, 4-шағын аудандағы № 15 және № 15 «а» тұрғын үйлердің шатырлары жартылай ұшқан, – деп ақпарат таратты Жамбыл облысы әкімдігі.
Қазіргі уақытта нақты зардап шеккен азаматтар туралы ақпарат тіркелмеген. Оқиғаға байланысты аудан әкімдігінде жедел штаб құрылып, зерделеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
