Қазақстандықтарға тиесілі 15 мың дәрі ақшаға сатылған: Жаңа жүйе анықтады

Қазақстанда халыққа тегін таратылуы тиіс 15 мыңнан астам дәрі-дәрмек қорабы заңсыз сатылған. Бұл заңбұзушылықты 2024 жылдың шілдесінде іске қосылған дәрілік заттарды таңбалаудың жаңа жүйесі анықтады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұл платформа әрбір дәрі қорабының қозғалысын өндірістен бастап, дистрибьюторлар арқылы дәріхана сөресіне жеткенге дейін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша, жүйе кез келген сәйкессіздік пен ықтимал заңбұзушылықты бірден тіркейді.

Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторы осы деректерді растады.

«Жүйе мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынып, халыққа тегін берілуі тиіс 15 мыңнан астам дәрілік заттың сатылғанын тіркеді», — деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар, таңбалау жүйесі 385 мыңнан астам рет қайта қолданылған 6,5 мыңнан астам таңбалау кодын анықтады. Бұдан бөлек, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 750-ден астам дәрі қорабының сатылғаны белгілі болды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика