Жаңатастағы алапат дауыл: Шатыр жүріп бара жатқан автобустың үстіне құлады

Жамбыл облысының Сарысу ауданында соққан қатты жел бірнеше тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкетті. Табиғи апат салдарынан Жаңатас қаласы уақытша жарықсыз қалды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, желдің екпіні секундына 32 метрге дейін жеткен. Дауылдан қаладағы бірінші, үшінші және төртінші шағын аудандардағы үйлер зардап шеккен. Әзірге қаза тапқандар мен жарақат алғандар туралы ақпарат жоқ.

«Оқиғаға байланысты аудан әкімдігі жанынан жедел штаб құрылды. Нысандарды тексеру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоғamдық-саяси жағдай тұрақты. Ахуал облыс әкімінің жеке бақылауында», — делінген ресми хабарламада.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жел таңға жуық күшейген. Қазіргі уақытта электр қуаты қайта берілген. Әлеуметтік желіде тараған видеолардан ұшқан шатыр қалдықтарының тұрақтағы көліктердің үстіне құлағанын көруге болады.

Куәгерлердің сөзінше, шатырлардың бірі тіпті жолда кетіп бара жатқан жолаушылар автобусын басып қалған. Қанша көлікке зақым келгені әлі нақтыланбады. Оқиға орнына облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі барды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика