Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға сапары кезінде «The News International» газетіне сұхбат беріп, елдегі конституциялық реформалар мен маңызды әлемдік оқиғаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы сұхбатында бірқатар халықаралық мәселеге тоқталды. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатына оң баға беріп, оны «тегеурінді әрі көреген көшбасшы» деп атады. Сондай-ақ, Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа бағытталған «Ибраһим келісімін» қолдайтынын жеткізді.
«Президент Трамп – өте тегеурінді әрі көреген көшбасшы. Ол елінің ұлттық мүддесін әрдайым бірінші орынға қояды. Мен оның ақыл-парасатқа құрылған саясатын және заң үстемдігін орнатуға бағытталған әрекетін қолдаймын», — деді Тоқаев.
Алайда, сұхбаттың негізгі өзегі Қазақстанның ішкі саяси жаңғыруына арналды. Президент еліміздің саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын мәлімдеп, Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын түсіндірді.
«Конституциялық реформа аясындағы ең басты өзгерістердің қатарында бір палаталы парламентке (Құрылтай) өту, Халық Кеңесін құру және Вице-президент лауазымын енгізу секілді бастамалар бар. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланады», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, бұл өзгерістер қоғамда ашық талқылануы тиіс. Себебі Конституция – билік пен азамат арасындағы нақты келісімшарт. Бұл орайда америкалық мемлекет қайраткері Томас Джефферсонның сөзі еріксіз ойға оралады:
«20-дағы жігітке 12 жасындағы бешпетін кигізуге болмайды. Әр заманда сол заманның адамдары өздеріне керек заңды өздері жасау керек! Сондықтан Конституция өзгеріп тұру керек», — деген еді ол.
Жоспарланған реформалар Қазақстанды жоспарсыз шешімдерден гөрі, нақты ережелерге сүйенетін мемлекетке айналдыруды көздейді. Бұл посткеңестік кеңістікте сирек кездесетін, бірақ аса қажетті қадам болып отыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
