Әлеуметтік желіде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қызметтік иттердің азығына 3 миллиард теңгеге тендер жариялағаны туралы ақпарат қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бастапқыда мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған бұл конкурс қоғамның назарын аударған еді. Себебі тендерде тауардың сипаттамасы, көлемі немесе басқа да маңызды ақпараты көрсетілмеген. Конкурсқа 127 компанияның қатысқаны белгілі болса да, шарт орындалғаннан кейін келісімшарттың өзі порталға жүктелмеген. Бұл жағдай түрлі болжамға себеп болды.
Алайда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарып, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Ведомствоның хабарлауынша, бұл жерде техникалық қателік кеткен.
«Тауардың нақты құны 100 миллион теңгеден сәл асқан кезде, портал оны автоматты түрде миллиард деп көрсетеді. Соның салдарынан конкурс сомасы өз бағасынан әлдеқайда жоғары көрсетілген. Іс жүзінде сатып алу үш лоттан тұрады. Әр лоттың құны шамамен 100 миллион теңгеден аспайды», — делінген ҰҚК таратқан ресми жауапта.
Осылайша, комитет қызметтік иттердің азығына бөлінген жалпы сома 3 миллиард емес, шамамен 300 миллион теңге екенін мәлімдеді.
Фото: Әлеуметтік желіден
