Арқалықтағы жантүршігерлік жарылыс: бір адам көз жұмып, әйел жансақтауда жатыр

Қостанай облысының Арқалық қаласындағы тұрғын үйде газ жарылып, бір адам қаза тапты, тағы бір тұрғын ауыр халде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға 29 қаңтарға қараған түні Арқалық қаласының Северный кентіндегі төрт пәтерлі үйде болған. Жарылыс салдарынан ғимаратқа айтарлықтай зақым келген. Үйдің шатыры опырылып, бірнеше пәтердің қабырғасы қираған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті аталған жайтты растады. Ведомствоның хабарлауынша, газ-ауа қоспасының жарылуынан кейін өрт шықпаған.

«Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру бөлімшелері жарылыс салдарынан шатырдың опырылғанын анықтап, бірден үйінділерді тазалау жұмысына кірісті. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр», — деп хабарлады департамент.

Құтқарушылар келгенге дейін оқиға орнынан күйік шалған екі адам ауруханаға жеткізілген: 1979 жылы туған ер адам және 1984 жылы туған әйел.

Кейінірек Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы ер адамның ауруханада көз жұмғанын мәлімдеді.

«1979 жылы туған ер адам медицина қызметкерлері көрсеткен шараларға қарамастан қайтыс болды. 1984 жылы туған әйел санитарлық авиация арқылы Қостанай облыстық ауруханасына жеткізіліп, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Ол тәулік бойы мамандардың бақылауында», – деп нақтылады ведомство.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика