Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі шенеуніктерді тасымалдауға арналған жеті көлікті жалға алу үшін 93 миллион теңгеден астам қаржы жұмсамақ, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Тиісті хабарландыру мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды. Оған сәйкес, министрлік 1 наурыздан 31 желтоқсанға дейін, яғни 10 ай бойы қызметтік көліктерді пайдалануды жоспарлап отыр.
Талап бойынша, жалға алынатын жеті седанның алтауы 2020 жылдан, ал біреуі 2023 жылдан ескі болмауы тиіс. Барлық көліктің түсі – қара, салоны былғарымен қапталған, беріліс қорабы автоматты және дабыл жүйесі орнатылған болуы керек.
Сонымен қатар келісімшартта көліктердің әрдайым таза, жағымсыз иіссіз болуы, қыста салонының жылытылуы, ал жазда салқындатылуы керегі нақты көрсетілген. Шенеуніктерді тасымалдайтын жүргізушілерге де жоғары талаптар қойылған.
Фото: Әлеуметтік желіден
